CaspianLife, 6 наурыз. Бұл туралы Қазақстандағы Ұлыбританияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Аксуорси Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбаймен кездесу барысында мәлімдеді.
Аймақтық әкімдік баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде өңірдің экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ көлік және логистика, инфрақұрылым, энергетика және экология салаларында ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Әкім өңірдің транзиттік және логистикалық әлеуетін атап өтіп, Ақтау мен Құрық теңіз порттарының мүмкіндіктерін, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясындағы стратегиялық маңызын көрсетті. Сонымен қатар, ол осы салалардағы өсімді атап өтіп, аймаққа келетін инвесторларға қолданыстағы заңнама аясында жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
— Маңғыстау облысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы мүмкіндіктерге ие. Біз Ұлыбритания компанияларымен ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз, — деді Нұрдәулет Қилыбай.
Өз кезегінде Елші Салли Аксуорси манғыстау өңірінің экономикалық әлеуетін жоғары бағалап, көлік және логистика, энергетика, IT, білім беру және жоғары технологиялар салаларында ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендігін атап өтті.
Ескерту: 2025 жылғы мәлімет бойынша Маңғыстау облысы мен Ұлыбритания арасындағы сыртқы сауда айналымы $2,6 млн құраған. Өңірде әртүрлі салаларда британдық капитал қатысатын 40 кәсіпорын жұмыс істейді.

