CaspianLife, 3 наурыз. Жаңа Конституцияда білім мен ғылым салаларына баса назар аударылған. Бұл бағыттағы жаңашылдықтар – өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, ғылыммен айналысуына кең мүмкіндік беретін маңызды қадам ретінде бағалануда.
Сонымен қатар, құжатта табиғатқа жанашырлық таныту мен қоршаған ортаға қамқорлық жасау мәселесінің заңнамалық деңгейде бекітілуі де ерекше қолдау тапты. Қоғамда «табиғатты аялайық» деп жиі айтқанымызбен, оны күтіп-баптау мәдениетін қалыптастыру ісінде кемшіліктер бар екені жасырын емес.
Осы орайда Маңғыстау туризм колледжі басшысының тәрбие жөніндегі орынбасары Гүлнұр Кушанова жаңа Конституция аясында білім мен тәрбие бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, ұжым алдағы уақытта жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, табиғатқа жауапкершілікпен қарау дағдысын нығайтуға және өскелең ұрпаққа пайдалы болуға бағытталған нақты бастамаларды жүзеге асыруды көздеп отыр.

