CaspianLife, 3 наурыз. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында айтылды. Жиында Премьер-Министр Олжас Бектенов жол сапасына қатысты азаматтардың өтініштері көбейгеніне назар аударды.
ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әкімдіктерге тұрғындардың шағымдарына жедел әрекет ету, жөндеу жұмыстарына бақылауды күшейту және түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
«Сапалы жолдар – бұл тек қатынау жайлылығы ғана емес, сонымен қатар өңірлердің экономикалық өсуі мен инвестициялық тартымдылығының негізі. Сондықтан жолдарды салу және қайта жаңғырту технологияларын қатаң сақтау, жобаларды уақтылы іске асыру – Көлік министрлігінің де, барлық әкімдіктердің де міндеті. Бұл мәселелер бірінші басшылардың тұрақты бақылауында болуы тиіс», – деді Олжас Бектенов.
Өткен жылы жергілікті жолдар мен көшелердің талапқа сай еместігіне қатысты азаматтардан шамамен 60 мың өтініш түскен.
«Биылдың өзінде 7,5 мыңға жуық шағым тіркелді. Оның ішінде Доссор–Ақтау, Атырау–Орал тасжолдарына, сондай-ақ Алакөл көліне апаратын өңірлік жолдарға қатысты шағымдар бар», – деп нақтылады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

