CaspianLife, 3 наурыз. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен үкімет отырысында хабарланды.
Ұлттық компания «ҚазАвтоЖол» Басқарма Төрағасы Дархан Иманашев баяндама жасап, елде ақылы автожол инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамыту жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Қазіргі таңда елде жалпы ұзындығы 4 900 км болатын 26 ақылы учаске жұмыс істейді.
ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жылы енгізілетін 6 жаңа учаскенің жалпы ұзындығы 2 000 км құрайды:
— Қарағанды–Балқаш–Бұрылбайтал – 554,6 км;
— Бұрылбайтал–Құрты – 226,4 км;
— Ақтөбе–Қандыағаш–Мақат – 89 км;
— Талдықорған–Өскемен – 773 км;
— Атырау–Астрахань – 277 км;
— Мерке–Шу–Бұрылбайтал – 78 км.
Сонымен қатар, дефектілер бар ақылы учаскелерде төлем алуды уақытша тоқтату нормасы енгізілген. 14 учаскеде – 477 км, 1 млн 100 мың шаршы метрге тең дефект тіркелген, жұмыстар жол құрылысы маусымы басталғанда жүргізілетін болады.
Жол пайдаланушыларының өтініші бойынша ақылы жолдарда төлем мерзімін 7 күннен 30 күнге ұзарту нормасы енгізілуде, тиісті түзетулер уәкілетті органдарда келісуде.
Өткен жылы ақылы жолдардан жиналған қаражат 87 млрд теңгені құрап, толық көлемде ақылы учаскелердің қызмет көрсетуіне бағытталған (2024 жылы – 48 млрд теңге).
Ақылы учаскелердің кірісі 1 456 бірлік арнайы техника мен құрал-жабдық сатып алуға, 354 мың шаршы метр жол жабындысын ағымдағы жөндеуге, сондай-ақ 340 мың кубометр қарсықұздық материалдарын пайдалануға мүмкіндік берді.
2024–2025 жылдар аралығында 1 000-нан астам су өткізгіш құбырдың құрылуы мен жөндеуі жүргізілді – бұл шаралардың арқасында су тасқыны қаупі бар учаскелер саны екі есеге азайды. Ерекше су көлемдерін ескере отырып, су тасқыны қаупін болдырмау мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 219 карьер жұмылдырылған, қажетті инерт материалдары қамтамасыз етілгенін атап өтті Дархан Иманашев.
Автожолдардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату бағдарламасы кезең-кезеңімен іске асырылуда. Өткен жылы 24 АСИ орнатылып, республика жолдарындағы жалпы саны 46 бірлікке жеткен. 2028 жылға дейін 102 жаңа АСИ орнату жоспарланып отыр.
«Сонымен қатар, жолдарды басқару процестерін автоматтандырудың жаңа цифрлық механизмдері енгізілуде. Өткен жылдан бастап пилоттық жоба ретінде ақылы «Алматы–Қонаев» 42 км учаскесінде интеллектуалды транспорт жүйесі енгізілуде», – деді Дархан Иманашев.
Жоба аясында жасанды интеллект элементтері қолданылады: объектілердің трекингін қадағалау, жол-көлік оқиғаларының тіркелуі, жолға жануарлардың шығуы, ауа райы жағдайларының автоматты бағалануы және жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайларын бақылау.
«1403 колл-орталығын одан әрі модернизациялау мақсатында біз жасанды интеллект негізінде интеллектуалды диспетчер «Сапар» енгізуді бастадық. Ол пайдаланушыларға «Алиса» мен «Сири» сияқты дауыстық ассистенттер принципімен қызмет көрсетеді», – деп атап өтті Дархан Иманашев.
Сонымен қатар, жол бойындағы сервисті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде – қазіргі уақытта сервистік нысандардың жалпы саны 1 421 бірлік.
2023–2025 жылдар аралығында 123 жаңа жоғары форматтағы сервистік нысан пайдалануға берілді. Биыл жеке инвестициялар есебінен тағы 37 нысан ашу жоспарлануда.

