CaspianLife, 25 ақпан. Бүгін Қарағанды облысында жоспарлы оқу-жаттығу ұшулары кезінде Су-30СМ жойғыш ұшағы апатқа ұшырады.
Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Хабарламада: «Ұшақ экипажы дер кезінде катапульт жасады. Ұшқыштар дін аман, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Қазіргі уақытта медициналық мамандардың бақылауында.», – деп нақтыланған.
Сондай-ақ апат орны қоршауға алынғаны айтылды. Халыққа және инфрақұрылым нысандарына қауіп жоқ. Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Қорғаныс министрлігі Ұшу қауіпсіздігі департаментінің бастығы жетекшілік ететін арнайы комиссия құрды. Оның құрамына авиация қызметінің бейінді мамандары енгізілген. Тергеу нәтижелері бойынша құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім қабылданады.

