CaspianLife, 24 ақпан. Қасиетті Рамазан айының басталуына байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарындағы вагон-мейрамханалар арнайы кесте бойынша жұмыс істейді. Бұл тәртіп шамамен 40 вагон-мейрамханада енгізіледі.
Ұлттық тасымалдаушы — Қазақстан темір жолы (ҚТЖ) баспасөз қызметінің мәліметінше, вагон-мейрамханалар күн сайын таңғы 8:00-ден түнгі 24:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Ораза ұстайтын жолаушылардың ыңғайы үшін мейрамханалар сәресі уақытында — 04:00-ден 05:00-ге дейін ашық болады. Бұл жолаушыларға ораза басталар алдындағы таңғы ас ішуге мүмкіндік береді.
Ораза кезеңінде вагон-мейрамханаларда арнайы мәзірлер ұсынылады.
«Ауызашар (ифтар) кезінде жолаушыларға вагон-мейрамханаларда су мен құрма тегін беріледі. Сондай-ақ ауызашар уақытында пойыздарда алкоголь өнімдері сатылмайды», — делінген хабарламада.
(Сурет: ҚТЖ PRESS Telegram-арнасы)

