CaspianLife, 24 ақпан. Президенттің Каспий теңізін кешенді зерттеу және сақтау, сондай-ақ өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үкімет резервінен 1,1 млрд теңге бөлінді.
ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған қаражат «Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ына бағытталады. Тиісті қаулыға Үкімет басшысы Олжас Бектенов қол қойған.
Қаржыландыру институттың ғылыми әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Қаражат теңіз мониторингін жүргізуге арналған жабдықтарды сатып алуға, сондай-ақ гидробиологиялық және гидрохимиялық зертханаларды жарақтандыруға жұмсалады. Бұл ғылыми-зерттеу институтына теңіз акваториясында тікелей кешенді мониторинг жүргізуге, оның ішінде гидрометеорологиялық және биологиялық параметрлерге жүйелі бақылау жасауға, сондай-ақ теңіздің қазақстандық бөлігіндегі үдерістер туралы ғылыми негізделген деректер қорын кеңейтуге жол ашады.
Қазіргі уақытта тиімді шаралар әзірлеу мақсатында институт халықаралық ғылыми қауымдастықпен белсенді ықпалдастық орнатып, Каспий маңы елдерінің университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтары қауымдастығына мүше болған.
Қаулыны іске асыру үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігіне барлық қажетті шараларды қабылдау, ал Қаржы министрлігіне бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын қатаң бақылау тапсырылды.