CaspianLife, 23 ақпан. Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылындағы «Мұхамбет» медициналық орталығының қызметкерлерімен «Жаңа Конституция жобасының қоғамдық келісімді қалыптастырудағы рөлі» тақырыбында кездесу өтті.
Іс-шараға Маңғыстау облысының «Аналар кеңесінің» төрайымы Амангүл Джайлханова, «Дағыстан» этномәдени бірлестігінің төрағасы Юсуп Шахшаев, МО ҚХА Аналар кеңесі төрайымының орынбасары, «Берекет Ф» ЖШС директоры Зарета Фаталиева, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Абзал Марат қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – жаңа Конституция жобасының мазмұнын түсіндіру, оның қоғамдық келісімді нығайтудағы, азаматтық жауапкершілікті арттырудағы және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызын талқылау болды. Денсаулық сақтау саласының өкілдерімен ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, қатысушылар ой-пікірлерін білдірді.
Жиын барысында спикерлер конституциялық реформалардың қоғамдағы бірлік пен келісімді бекемдеуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті. Әсіресе, әлеуметтік мемлекет қағидаттарын нығайту, халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту, жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар спикерлер 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңызына тоқталып, алдағы референдум – ел болашағына бейжай қарамайтын әр азаматтың жауапты таңдау жасау сәті екенін атап өтті.

