CaspianLife, 22 ақпан. Қазақстан үшін Конституция – мемлекеттіліктің берік іргетасы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басты кепілі. Сондықтан ұсынылып отырған жаңа өзгерістер ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын маңызды қадам ретінде бағалануда. Бұл бастамалар заман талабына сай басқару жүйесін жетілдіруге, халықтың мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Осы ретте Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Қанағат Назарханов конституциялық реформалардың мәніне тоқталды. Оның айтуынша, Жаңа Конституцияда жергілікті өзін-өзі басқару тетіктері күшейтіліп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік нақты айқындалады. Бұл «Күшті Президент. Ықпалды Парламент. Есеп беретін Үкімет» қағидатын іс жүзінде жүзеге асырудың көрінісі.
«Жаңа Конституция – қоғам санасының жаңғыруы. Ол ашықтыққа, әділдікке және жауапкершілікке негізделген. Бұл – болашақ ұрпақ үшін жасалатын маңызды таңдау. Ел болашағы сенің дауысыңа байланысты. Сондықтан референдумға келіп, өз таңдауыңды жаса», – деді Қанағат Назарханов.

