CaspianLife, 19 ақпан. Маңғыстауда «Ақжол» құрылыс компаниясында жаңа Конституция бойынша ақпараттық-түсіндіру жиыны өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Кездесуге Маңғыстау облыстық Конституциялық коалиция мүшелері мен құрылыс компаниясының ұжымы қатысты.
Жиын барысында жаңа Конституция негіздері, құжаттың 84 пайызға өзгеріске ұшырағаны, басты преамбулада көрсетілген басым бағыттар ретінде білім, ғылым және инновацияның айқындалғаны айтылды. Сонымен қатар, жаңа Конституцияның 90 пайызға жуығы адами капиталды дамытуға бағытталғаны, адам құқығының қорғалуы, адвокатураның тең дәрежелі құқыққа ие болғаны, тіл мәселесі мен отбасы институты жан-жақты түсіндірілді.
Нұрболат Қалиев, «Ақжол» құрылыс компаниясының көлік басқармасы басшысы:
-Жаңа Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бойынша қоғамдық кеңес мүшелері мен партия өкілдері тарапынан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ата Заңымызда Қазақстан Республикасы үшін ең басты құндылық – адам екені айқын көрсетілген. Менің ойымша, бұл өзгерістердің түпкі мәні – халықтың әл-ауқатын арттырып, адам құқығы мен қадір-қасиетін бірінші орынға қою. Сонымен қатар, неке мәселесіне қатысты ер мен әйелдің тең құқықты одағы Конституцияда нақты бекітілген. Бұл – қоғам тұрақтылығы мен отбасы институтын нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Аталған өзгерістердің ел болашағы үшін маңызы зор деп есептеймін. Сондықтан референдумға белсенді қатысып, әрқайсымыз азаматтық ұстанымымызды білдіруіміз қажет. Бірлігімізді танытып, ортақ мақсат жолында жұмыла әрекет етейік, — деді Нұрболат Қалиев.

