CaspianLife, 19 ақпан. APEC PetroTechnic жоғары колледжі Industrial Electrical бағыты бойынша National Center for Construction Education and Research (NCCER) халықаралық жүйесінің аккредиттелген орталығы мәртебесін ресми түрде алды.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, берілген мәртебе колледждің халықаралық стандарттарға сәйкес кәсіби құзыреттерді оқыту және бағалау құқығын растайды. Енді студенттердің емтихан нәтижелері NCCER халықаралық тізіліміне енгізіліп, олардың біліктілігі әлемдік деңгейде мойындалады.
«Аккредитация білім беру бағдарламаларының мазмұны, материалдық-техникалық база және оқытушылардың кәсіби деңгейі құрылыс және өнеркәсіп саласының халықаралық талаптарына толық сәйкес келетінін дәлелдейді. Бұл – білім сапасын арттыруға, сондай-ақ бағалау жүйесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған қадам», — делінген хабарламада.
Биылғы мамыр айында «Электрмен жабдықтау» мамандығы бойынша білім алып жатқан 15 студент NCCER стандарттарына сай сертификаттау емтиханын тапсырады. Емтиханнан сәтті өткендер халықаралық сертификаттарға ие болып, шетелде жұмысқа орналасу және кәсіби дамуын жалғастыру мүмкіндігіне қол жеткізеді.

