CaspianLife, 18 ақпан. KMG International және «Oil Services Company» ЖШС (OSC) ынтымақтастық туралы Меморандум аясында ҚазМұнайГаз (КМГ) компаниялар тобының мамандарын техникалық және инженерлік біліктілігін арттыруға бағытталған бірлескен жобаны іске қосты.
КМГ баспасөз қызметінің мәліметінше, жоба бұрғылау және ұңғымаларды сервистік қызмет көрсету саласындағы халықаралық тәжірибені үйретуді, сонымен қатар Румыниядағы Rompetrol Well Services компаниясында — KMG International-ның Еуропадағы негізгі мұнайсервис активтерінің бірінде — операциялық және басқару процестерін жетілдіруді қамтиды. Қазіргі уақытта OSC қызметкерлер тобы Румынияға барып, Rompetrol Well Services компаниясының өндірістік және сервис моделімен танысып жатыр.
«Алты айлық тағылымдама барысында қазақстандық мамандар ұңғымаларды цементтеу және тиімділігін арттыруға арналған арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді қоса алғанда, операцияларды жобалау, модельдеу және талдау саласындағы заманауи технологиялар мен бағдарламалық шешімдерді меңгереді», — делінген хабарламада.
Бағдарлама аяқталған соң OSC қызметкерлері бұрғылау және сервистік операцияларды оңтайландыру бойынша ұсыныстар жасауға, техникалық регламенттер мен стандарттарды жаңартуға, әріптестерін оқытуға, сондай-ақ өндіріс шығындарын азайтуды мақсат еткен пилоттық жобаларды іске қосуға қатысады. Бұл бастама өндірістік тәжірибемен алмасудың жаңа форматын білдіреді және мұнай-газ секторында операциялық тиімділікті арттыру мен адами капиталды дамытуға бағытталған.

