CaspianLife, 18 ақпан. Caspian News телеарнасының хабарлауынша, Үкімет отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жүздеген компанияның өз өндірісі болмаса да мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланып келгенін мәлімдеді. Яғни, зауыты жоқ, жұмысшысы жоқ, бірақ «қазақстандық өнім» деген атаумен нарыққа шығып, жеңілдіктер мен мемлекеттік сатып алуларға қатысқан кәсіпорындар анықталған.
Министрдің айтуынша, бұл мәселені шешу үшін отандық тауар өндірушілердің бірыңғай реестрі іске қосылды. Нәтижесінде кімнің шын өндіруші, ал кімнің тек «қағаз жүзіндегі» компания екені ашық көрінеді.
Бұрын кейбір кәсіпорындар белгілі бір сомаға индустриялық сертификат алып, көрші елден әкелінген тауарды отандық өнім ретінде сатып келген. Соның арқасында мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына еркін қатысқан. Жаңа жүйе мәртебені растауды жеңілдетіп, процесті толық цифрландырады. Барлығы электрондық қолтаңба арқылы тіркеліп, өндіріс барысын дәлелдейтін құжаттар мен бейнесептер ұсынылуы тиіс.
Бұрын 15 млн теңгеге дейін жеткен индустриялық сертификат енді тегін рәсімделеді. Қазірдің өзінде шамамен 900 кәсіпорын отандық өндіруші мәртебесін растаған. Ал 600-ден астам компания талапқа сай келмей, реестрге енгізілмеген. Кейбірі өз өндірісіне қатысы жоқ бейнематериалдар тапсырған, тіпті мазмұны сәйкес келмейтін видеолар тіркелген жағдайлар болған, деді министр брифинг барысында.
Министр өткен жылдары нарықта жұмыс істейтін кейбір компаниялар белгілі бір сомаға шетелдік сертификат алып, Қазақстан аумағында ештеңе өндірмей, тіпті жұмысшылары да болмай, көрші елдерден тауар әкеліп, оны отандық өндіруші брендімен сатып келгенін айтты. Осылайша олар мемлекеттік қолдаудың барлық мүмкін шараларын, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді, соның ішінде мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндігін де пайдаланған.
Сонымен қатар, министр елімізде ұлттық брендтің жоқ екенін де мойындады. Оның айтуынша, Қазақстанда жиналып жатқан автокөліктерді ұлттық бренд деп айтуға болмайды. Былтыр 171 мың автокөлік өндірілген. Қаңтар айындағы сатылым көрсеткіштері 25 пайызға өскен. Жалпы алғанда, Қазақстанда автокөлік сатылымы артқан, оның ішінде 80 пайызы – қазақстандық өндірістегі автокөліктер.
Өнеркәсіп министрінің бұл сөзінен кейін «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин ұлттық бренд жасау бойынша келіссөздер жүріп жатқанын айтты.
«Біз бүгін меморандумға қол қойдық. Иә, ашық түрде мәлімдеймін: Бәйтерек холдингі мен малайзиялық автокөлік өндіруші Proton компаниясы арасында меморандум жасалды.Қазір біз қазақстандық автоөндірушілердің қатысуымен Қазақстанда бірлескен кәсіпорын құру мәселесін пысықтап жатырмыз. Яғни күш біріктіріп, автокөлік бөлшектерін Қазақстанда жергіліктендіру бойынша толыққанды кластер құру жоспарлануда.Бұл бағыттағы жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін осы жоба бойынша қосымша ақпарат береміз деп ойлаймын»-деп атап өтті «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин.
Осылайша, Үкімет отандық өндірушілер реестрін енгізе отырып, экономиканы «тазарту» процесін бастағанын мәлімдеді. Енді мемлекеттік қолдау тек шын мәнінде Қазақстанда өнім шығаратын кәсіпорындарға берілетін болады. Бұл ретте Қытайда шығарылып, «made in Kazakhstan» деген жазу жапсырылып сатылатын өнімдерге тосқауыл қойылуы мүмкін.

