CaspianLife, 16 ақпан. 16 ақпан күні Ақтау қаласындағы BS Arena спорт кешенінде ҚР Жаңа Конституциясын түсіндіруге арналған кездесу өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Іс-шараға AMANAT партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев, Маңғыстау облысының спортты дамыту дирекциясы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Манарбек Бисекенов, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті Тарих және дәстүрлі өнер ғылымдарының докторы Киікбай Жәулин, сондай-ақ кәсіпкер Гүлназ Кожербаева қатысты.
Кездесу барысында спикерлер Жаңа Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға кеңінен тоқталып, оның азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы рөліне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, заң мен сот алдында бәрінің тең болуы, әділдік қағидаттарының нығаюы, азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған жаңа мүмкіндіктер жан-жақты түсіндірілді.
Сонымен қатар, спорт саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың құқықтық қорғалуы, жастарды қолдау тетіктері және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы мәселелер қозғалды. Спикерлер Конституциялық реформалардың ел дамуына, әсіресе жас ұрпақтың белсенді әрі жауапты азамат болып қалыптасуына оң әсер ететінін атап өтті.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, спортшылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді. Қатысушылар өз пікірлерін ортаға салып, Жаңа Конституцияның қоғам өміріндегі маңызын талқылады.
– Қоғам дамыған сайын адам да өзгереді. Себебі қоғамды өзгертетін – адамның өзі. Әрбір дәуірдің өзіне тән ерекшеліктері мен өзгерістері болады. Сол өзгерістердің бірі – Жаңа Конституция. Үлкен әрі дамыған мемлекеттердің даму үдерісі осы бағытта жүзеге асады. Бұл – біздің жаңа кезеңіміздің айқын белгісі, елдің гүлдену жолындағы маңызды қадамы деп білемін, – деді Киікбай Жаулин.

