CaspianLife, 13 ақпан. 13 ақпан күні Ақтау қаласында жылына 100 мың шақыртуға қызмет көрсете алатын заманауи Маңғыстау облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының жаңа ғимараты ашылды.
Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, сондай-ақ мемлекеттік органдар өкілдері, медицина саласының ардагерлері мен өңір дәрігерлері қатысты.
Облыс әкімінің айтуынша, әлеуметтік нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес, Бас прокуратура қайтарған активтер есебінен және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі қолдауымен салынған.
«Жаңа ғимарат жедел медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, тұрғындарға сапалы әрі уақтылы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Ақ халатты жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық», — деді Нұрдәулет Қилыбай.
Станция орталықтандырылған біріккен диспетчерлік қызметпен, симуляциялық және оқу-практикалық орталықпен, сондай-ақ 20 санитарлық автокөлікке арналған жылы гаражбен жабдықталған.
2025 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен станцияға заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған 32 санитарлық автокөлік сатып алынған. Сонымен қатар NCOC компаниясының демеушілігі аясында қосымша 20 санитарлық автокөлік алынған.
Бұл станция бірегейлігі жағынан Астана қаласынан кейінгі екінші нысан саналады. Алдағы уақытта осындай үлгідегі медициналық мекемелерді еліміздің барлық өңірінде салу жоспарланып отыр.
Жаңа орталықта дәрігерлердің сапалы жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
(Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі)

