CaspianLife, 12 ақпан. 15 наурызда елде республикалық референдум өтеді. Бұл туралы Caspian News телеарнасы хабарлады.
Телеарна мәліметінше, Конституцияның жаңа жобасын әзірлеген комиссия Президент Қасым-Жомарт Тоқавтың қабылдауында болған. Мемлекет басшысы Ата заңның жаңа жобасымен танысып, оны қабылдау үшін референдум өтетін күнді жариялап, жарлық шығарды.
Президент Жарлығына сәйкес, референдумға «2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған жаңа Конституцияны қабылдайсыз ба?» деген сауал шығарылады. Дайындық жұмыстарын және референдумды Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) өткізеді.
Сенатта өткен брифингте Қаржы вице-министрі Даурен Темірбеков ОСК-ның бюджеттік өтінімін күтіп отырғандарын айтты.
«Тиісті бюджеттік сұрау әлі Қаржы министрлігіне түскен жоқ. Біз ОСК хабарластық, олар бүгін түстен кейін немесе ертең түске дейін сұранымды жіберетін болады. Әзірге ол сұрау түскен жоқ. Референдумға қаражатты Үкіметтің резервінен аламыз», – деді вице-министр.
Сондай-ақ оның айтуынша, 2022 жылдың 5 маусымында өткен Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесі бойынша республикалық референдумға 15 млрд теңге жұмсалған.
Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев алдағы республикалық референдумның тарихи маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Конституция жобасы ашық әрі жан-жақты талқыланып, азаматтардың ұсыныстары барынша ескерілген.
«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының Жарлығымен 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы республикалық референдумға шығарылады. Бұл – ел дамуының жаңа кезеңіндегі тарихи оқиға. Конституцияның жобасы ашық әрі жан-жақты талқыланып, мұқият пысықталды. Талқылау барысында азаматтардың ұсыныстары барынша ескерілді. Бұл “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының іс жүзіндегі жарқын көрінісі екені сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Егер Қазақстан халқы Конституцияның жаңа жобасын қолдаса, бір палаталы Парламент құру және вице-президентті тағайындау мәселелері қарастырылмақ.

