CaspianLife, 12 ақпан. Маңғыстау облысында апиын тобына жататын есірткі заттарын жеткізумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды. Бұл туралы Caspian News телеарнасы хабарлады.
Телеарна мәліметінше, төрт күдіктінің тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тінту барысында 1,3 келі апиын және ірі көлемдегі ақша қаражаты тәркіленген. Сарапшылардың айтуынша, ауған текті апиын өңірде сирек кездесетін есірткі түріне жатады.
Қазіргі уақытта барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
«Аталған баптың санкциясы 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Барлық ұсталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Есірткі жеткізу арналарының жолын кесу бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр», – деді комитет өкілі.
Құқық қорғау органдары есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті жалғастырып жатқанын атап өтті.

