CaspianLife, 2 ақпан. Бүгін, 2 ақпан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған актив отырысы өтті. Жиынға қала және аудан әкімдері, басқарма және құқық қорғау органдарының басшылары, өндірістік кәсіпорын жетекшілері, сондай-ақ қоғам өкілдері қатысты.
Кездесуде облыс әкімі елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалардың маңыздылығына тоқталып, жаңа конституциялық модель халық билігі, заң үстемдігі және билік тармақтарының тепе-теңдігі қағидаттарына негізделетінін атап өтті.
– Қазақта «Елу жылда – ел жаңа» деген ұлы сөз бар. Уақыт пен заманның өз талабы болады. Сол себепті 21 қаңтар күні Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Конситуциялық реформа жөнінде комиссия құрылды.
Комиссия жұмысы ашықтық, инклюзивтілік және кең қоғамдық диалог принциптерінде құрылды. Әділетті және жауапты мемлекет құру жолындағы реформаларды сапалы іске асыру – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Сондай-ақ жиында Маңғыстау облысынан комиссия құрамына кірген Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев пен облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов комиссия жұмысы аясында көтерілген ұсыныстар мен бастамалар, талқылау барысы туралы ақпарат берді.
Кездесу соңында облыс әкімі конституциялық реформалардың мәні мен маңызын халыққа дұрыс жеткізудің, қоғамдық келісімді нығайтудың және ұлттық бірлікті сақтаудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа конституция жобасын қолдайтындарын жеткізді.
(Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі)



