CaspianLife, 29 желтоқсан. Жаңа Салық кодексіне бейімделу кезеңінде фискалдық жүктемені азайту мақсатында Қазақстанда микро және шағын бизнес үшін салықтық әкімшілендіруді жұмсарту туралы шешім қабылданды.
ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салықтық кезеңдерге қатысты бірқатар әкімшілік жеңілдіктер енгізіледі. Бұл туралы ақпарат МКК-ның ресми сайтында жарияланды.
Өткен жылдар үшін салықтық тексерулер азаяды:
-
камеральдық тексерулер (есептілікті автоматты түрде тексеру) жүргізілмейді;
-
аталған кезеңдер бойынша салықтық тексерулер тағайындалмайды.
Алайда бұл шаралар 2025 жылғы 17 желтоқсаннан кейін тапсырылған салық есептілігіне (яғни, 2025 жылдың IV тоқсаны мен II жартыжылдығы үшін берілетін қосымша және кезекті есептерге), резидент емес тұлғалармен байланысты міндеттемелерге, қылмыстық істер болған жағдайда, прокуратура органдарының талаптары бойынша, сондай-ақ кәсіпкердің өз шағымы негізінде жүргізілетін тексерулерге қолданылмайтыны нақтыланады.
Сотқа жүгіну тоқтатылады:
-
2026 жылға дейін микро және шағын бизнес субъектілері арасында жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап-арыздар берілмейді;
-
2026 жылға дейін жүргізілген бизнес тіркеуін немесе қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы талап-арыздар берілмейді.
Жеңілдетілген тәртіппен қызметті тоқтату:
2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері бойынша қызметін тоқтататын салық төлеушілер үшін камеральдық бақылаусыз жеңілдетілген тарату тәртібі қолданылады.
Өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару:
Егер микро немесе шағын бизнес субъектісі 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша негізгі салық берешегін 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында толық өтесе, онда:
-
осы берешекке есептелген барлық өсімпұлдар;
-
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша есепте тұрған салық айыппұлдары;
-
төлеу мерзімі бұрын өзгертілген (оның ішінде оңалту және банкроттық рәсімдері шеңберінде) салықтар мен төлемдер бойынша өсімпұлдар мен айыппұлдар (міндеттемелер 2026 жылғы 1 сәуірге дейін толық орындалған жағдайда) есептен шығарылады.
«Есептен шығару тек өсімпұлдар мен айыппұлдарға қатысты екенін ескеру маңызды — негізгі салық сомасы толық төленуі тиіс», — делінген хабарламада.
Әкімшілік жауапкершілік:
Микро және шағын бизнес субъектілері 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі айналымдар бойынша ҚҚС бойынша міндетті тіркеуден өтпегені үшін, сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салық кезеңдері үшін салық есептілігін тапсырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.
Осылайша, кәсіпкерлер өткен кезеңдер бойынша тексеру қаупінсіз өз қызметін жалғастыра алады. Әкімшілік және қаржылық жүктеменің төмендеуі нәтижесінде бизнес өкілдері салық дауларына емес, дамуға назар аударып, жаңа кезеңді «таза парақтан» бастауға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар, камеральдық бақылаусыз тарату және өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару қағидалары қазіргі уақытта әзірленіп жатқандығы және «Ашық НҚА» порталында (нормативтік-құқықтық актілер) жарияланатыны хабарланды. Аталған шаралардың басты мақсаты — реформаларға бейімделу кезеңінде микро және шағын бизнесті қолдау.

