Caspianlife, 24 желтоқсан. Қазақстан мен АҚШ президенттері екіжақты күн тәртібіндегі мәселелер мен қазіргі халықаралық жағдай, оның ішінде Украина мәселесі бойынша жан-жақты пікір алмасты.
Aqorda Telegram-арнасының хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қараша айында Вашингтонға жасаған сапары барысында қол жеткізілген келісімдерді толық көлемде іске асыруға ниетті екенін растады.
«Мемлекет басшысы аумақтық мәселе шешуші рөл атқаратын және “жердегі нақты жағдайды” ескеруді, екі тараптан да ымыраға келуді талап ететін Украинадағы қақтығысты реттеудің күрделілігін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан барлық мүдделі тараптарды сабырлық, икемділік пен кәсібилік танытып, бейбітшілік формуласын іздеуді жалғастыруға шақырады. Сонымен қатар еліміз делдал болып табылмайды, алайда қажет болған жағдайда ізгі ниет рухында келіссөздер өткізу үшін алаң ұсынуға дайын», — деп хабарлайды Aqorda.
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентінің бірқатар халықаралық әскери қақтығыстарды аяқтауға және елдің ішкі әлеуетін нығайтуда оң нәтижелерге қол жеткізуіне мүмкіндік берген көшбасшылық қасиеттерін жоғары бағалады. Әңгіме соңында Мемлекет басшысы Дональд Трампты өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырып, бұл оқиға тарихи мәнге ие болатынына сенім білдірді.

