Caspianlife, 18 желтоқсан. Бұл туралы кеше әлеуметтік желідегі парақшасында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Үкімет отырысына қатысқаннан кейін хабарлады.
С. Шәпкеновтің айтуынша, ол Премьер-Министр Олжас Бектеновке Атырау облысының 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндаған.
«Жалпы алғанда, өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалады. Көптеген маңызды көрсеткіштерде өсім бар. Инвестиция және құрылыс салаларында төмендеу тіркелді, алайда оның нақты әрі объективті себептері бар. Биыл Теңіз кен орнындағы болашақ кеңейту жобасы толық аяқталды. Бұл – бірнеше жыл бойы облысымызда ғана емес, тұтастай республика бойынша да инвестиция көлемінің айтарлықтай өсуіне ықпал еткен ірі стратегиялық жоба. Өткен жылы бұл жобаға 725 млрд теңгеден астам қаржы салынса, биыл аталған жобаға инвестиция тартылған жоқ», – деді облыс әкімі.
Сонымен бірге ол экономиканың басқа салаларындағы инвестициялардың қарқынды өсіп жатқанын атап өтті. 11 айдың қорытындысы бойынша олардың көлемі 36,5 пайызға артып, 1,48 трлн теңгені құрады. Бұл өңір экономикасының дамуы тек ірі мұнай-газ жобалары есебінен ғана емес, басқа салалардың да оң үлесінің арқасында қамтамасыз етіліп отырғанын көрсетеді.
Осы өсім қарқынын сақтау мақсатында биыл 20 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың бірқатары пайдалануға берілді. Жобалар өнеркәсіпті, өңдеуші секторды және агробизнесті дамытуға, ең бастысы – шикізаттық емес секторда жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.
Өнеркәсіп саласында қаптама материалдары мен композиттер өндіруден бастап, вагон доңғалақтарын жөндеу және металл конструкцияларын шығаруға дейінгі жаңа өндірістер игерілуде. Агроөнеркәсіп кешенінде азық-түлік өнімдерін өндіру, құс фабрикаларын, жылыжайларды, көкөніс қоймаларын және балық шаруашылықтарын салу жобалары жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 1 320 жаңа тұрақты жұмыс орны ашу жоспарланып отыр.
Мұнай-газ химиясы ерекше басымдыққа ие. Облыста жалпы құны 6,8 трлн теңгені құрайтын 11 ірі жоба іске асырылуда. Олар шамамен 3 мың тұрақты және 20 мыңнан астам уақытша жұмыс орнын құруды көздейді. Аталған жобалар қатарында полиэтилен өндіретін жаңа зауыттар, Қашағандағы газ өңдеу зауыты және газды бөлу-сепарациялау кешені бар. Ал келесі жылы бутадиен және оның туындыларын өндіретін зауыттың құрылысы басталмақ.
Серік Шәпкеновтің жазуынша, жергілікті билік инвесторлар тарту бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Мысал ретінде ол сегіз жобаны қамтитын «Еуразия» жеке индустриялық аймағын келтірді. Мұнда шамамен 2 мың жұмыс орны ашылып, 120 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарлануда. Аймақта металл конструкциялары, қадалар, лак-бояу өнімдері және басқа да сұранысқа ие тауарлар өндіріледі.
«Сонымен қатар Мемлекет басшысының мұнай-газ химиясын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес “Атырау” арнайы экономикалық аймағын құру туралы шешім қабылданды. Осы шешімді қолдағаны үшін Премьер-Министр Олжас Абайұлына алғыс білдіремін», – деп жазды Серік Шәпкенов.
Оның айтуынша, жаңа арнайы экономикалық аймақ мұнай мен газды терең өңдеуге, өндірістерді жергіліктендіруге, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытуға арналған алаң болады. АЭА аумағында отандық кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін жаңа өндірістерді іске қосуға, ірі жобалардың өндірістік тізбектеріне интеграциялануға және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға қолайлы жағдай жасалады. Аталған аймақ аясында шамамен 320 млрд теңге инвестиция тартылып, 3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.
«Мұның бәрі – тек шикізат өндірумен шектелмей, оны өңдеуге, өнеркәсіпті дамытуға және сапалы жұмыс орындарын құруға бағытталған ортақ мақсатымыздың бір бөлігі. Дәл осылай біз өңірдің тұрақты дамуын және инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ете аламыз», – деп түйіндеді облыс әкімі.

