Caspianlife, 8 желтоқсан. Атырау облысында ұзындығы 535 шақырым болатын кәріз желілерінің 44%-ы тозған. Осыған байланысты өңірде инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бойынша бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, қалалық кәріз жүйесін жаңарту аясында ұзындығы 33,4 шақырым болатын 31 учаскедегі ескірген коллекторларға санациялық жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда оның 12,8 шақырымы толық қалпына келтірілді, қалған учаскелерде жұмыс жалғасып жатыр.
Сонымен қатар қаланың ішінде орналасқан 45 кәріздік сорғы станциясын (КСС) қайта жаңарту қажеттілігі анықталып, жобалау жұмыстары басталған. Өткен жылы тоғыз КСС-тің құрылысы жүргізілді, оның жетеуі пайдалануға берілді. Қалған екі нысанды биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 22 КСС жобасы бойынша оң қорытынды алынды, оның жетеуіне жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Қалған 14 станция бойынша жобалау жалғасуда.
«Шағынаудандарды орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу үшін 24 учаске бойынша жобалар әзірленіп жатыр. Биыл Жұлдыз, Геолог және Мирас ықшамаудандарында 92 шақырым кәріз желісін тарту жұмысы басталды. Жобаны келесі жылы аяқтау көзделген», — делінген хабарламада.
Жобалау жұмыстары елді мекендерде де жүргізіліп жатыр. Құрылыстар сараптама қорытындысы алынғаннан кейін кезең-кезеңімен басталады. Сонымен қатар, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында тәулігіне 10 мың текше метр сарқынды суды өңдеуге арналған жаңа кәріз тазарту кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жоба жыл соңына дейін сараптамадан өтеді, ал құрылысы 2026–2027 жылдары жүргізіледі.

