CaspianLife, 26 қараша. Атырау маңындағы ауылдарда зиянкестерді жою жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта Талғайран, Аспа, Алмалы және Береке ауылдарында, Жайық өзенінің екі жағалауында «WSS» және «AG Desinfection Services» компаниялары дезинфекция жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Аймақтық коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, мамандар шамамен жарты метр тереңдікке дейін жер қазып, арнайы у себуде. Бұл жұмыстар зиянкестердің көбеюінің алдын алу және олардың елді мекендерге қарай таралуын тоқтату мақсатында жүргізілуде.
Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлегеннің айтуынша, жұмыстар бірнеше ауылда қатар жүргізілуде.
— Тұрғындарға кеміргіштерді жоюға арналған химикаттар таратылып, оларды қолдану тәртібі түсіндірілді. Препаратты қайда және қалай орналастыру керектігі көрсетілді. Барлық жұмыстар қауіпсіздік талаптарына сай атқарылып жатыр, — деді ол.

