Caspianlife, 20 қараша. 18–23 қараша аралығында республика аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және апаттылықты төмендету мақсатында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, «… жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізу қажеттілігі адам өліміне әкелген бірқатар ауыр жол-көлік оқиғаларына байланысты». Полицияның мәліметінше, осы күндері:
• патрульдеу бағыттары мен қызмет атқаратын полиция қызметкерлерінің саны арттырылады;
• биыл өлім-жітім 31%-ға өскен облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда рейдтік шаралар ұйымдастырылады;
• жылдамдық режимі, маневр жасау, қарсы жолаққа шығу бойынша бақылау күшейтіледі;
• заңсыз тасымалдаушылар мен таксилерге тексерулер жиілейді;
• елді мекендерде жаяу жүргіншілерді қағып кетудің алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар, жол инспекциясы жол жабынының жағдайын күн сайын бақылап отырады. Әсіресе жөндеу және реконструкция жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерге ерекше назар аударылуда.
Полиция жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін қатаң сақтауға, мұқият болуға және бір-біріне құрметпен қарауға шақырады. Әркімнің қауіпсіздігі қозғалысқа қатысушылардың тәртібі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты.

