CaspianLife, 19 қараша. Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов отынның балансын және мұнай өнімдерінің ағымын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін үкімет отырысында 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасы қаралды. Бұл бағдарлама Президенттің тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген. Премьер-министр мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді. Мысалы, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы және Сауда министрліктері инфляция деңгейін бақылау және төмендету, сондай-ақ сыртқы факторлардың баға өсуіне әсерін азайту бойынша жұмыстарды күшейтуі қажет. Коммуналдық қызмет тарифтерінің шекті үлесін сақтау қамтамасыз етілуі тиіс.
«Отын-майлау материалдарына бағаны көтеруге мораторий салынған жағдайда, көрші мемлекеттерге қарағанда баға айырмашылығы күшейеді. Яғни, біздің бензин мен дизель көршілерге қарағанда әлдеқайда арзан. Сондықтан Энергетика, Сауда, Қаржы, Ішкі істер министрліктері, Қаржылық мониторинг агенттігі мен Шекара қызметі отынның балансын және мұнай өнімдерінің ағымын қатаң бақылауға алуы қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

