Caspianlife, 4 қараша. Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов спорттық инфрақұрылымды дамыту және бұқаралық спортты ілгерілету мәселелеріне арналған Үкімет отырысында хабарлады.
Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде өңірде 800 спорт нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында 8 стадион, 53 спорт кешені және 702 спорт алаңы бар.
Сонымен қатар, өңірде заманауи ірі спорт нысандары салынған:
— 50 метрлік олимпиадалық бассейн,
— «Атырау» спорт сарайы,
— теннис орталығы және мұз айдыны сарайы.
Қосымша 17 жеке спорт нысаны тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Биылғы жылдың соңына дейін облыстағы 68 ауылдық округтің 70%-ы спорт нысандарымен қамтылмақ. Ал алдағы екі жылда барлық ауылдық округтерде спорттық инфрақұрылым пайда болады.
Қазір облыста 29 спорт кешені салынып жатыр: олардың жетеуі пайдалануға берілген, алтауы жыл соңына дейін аяқталады, қалған 16 нысан келесі жылы тапсырылады.
Сонымен қатар, қала мен аудандарда демеушілер есебінен төрт спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Олардың ішінде мамандандырылған волейбол және баскетбол орталықтары, сондай-ақ Мұқыр мен Кудряш ауылдарындағы кешендер бар. Бұл жобалар жүзеге асқаннан кейін халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 62%-дан 70%-ға дейін артады.
«Дарынды балаларды қолдау мақсатында Атырауда олимпиадалық резерв мектебі-интернатының құрылысы жоспарланып отыр. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 6 жылға есептелген: 12 ай құрылысқа және 5 жыл техникалық пайдалануға. Кешен құрамына 13 спорт залы, бассейн, оқу корпусы, жатақхана, асхана, кітапхана және басқа да нысандар кіреді. Мұнда 12 олимпиадалық спорт түрі бойынша 400 спортшы білім алып, жаттыға алады. Құрылысты 2026 жылдың сәуір айында бастау жоспарланған», — делінген хабарламада.
Әлеуметтік жауапкершілік аясында Texol компаниясы 19 мың шаршы метр аумақта спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын бастады. Мұнда 12 спорт түрімен айналысуға жағдай жасалады.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларына сәйкес, Атырауда халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін ірі спорт жобалары жүзеге асырылмақ. Олардың қатарында:
— Ұлттық ат спорт кешені (ипподром),
— 12 мың орындық EURO-IV санатындағы футбол стадионы,
— көпфункционалды «Atyrau Arena» спорт кешені бар.
Қазіргі уақытта жобалау жұмыстары аяқталған, мемлекеттік сараптамадан өту кезеңі жүріп жатыр. Құрылыс келесі жылы басталады.
Жалпы, Атырау облысында тұрғындардың спортпен жүйелі түрде айналысу деңгейі 45,1%-ды құрайды, ал жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 46%-ға дейін өседі деп күтілуде.

