Жыл басынан бері атыраулық полицейлер 467 мас жүргізушіні ұстады. Оның 370-і – облыс орталығында көзге түскендер. Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаменті хабарлады.
Барлық құқықбұзушылар ӘҚБтК-нің 608-бабы – «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көлік тізгініндегі 46 адам мас адамның жүргізуші куәлігі де болмаған. Құқық бұзушыларға қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, лайықты жаза тағайындалды.
15-шілдеге қараған түні облыс орталығында тәртіп сақшылары «Nissan Juke» көлігін тоқтатып, 32 жастағы жүргізушінің екіқабат әрі ішімдік ішкенін анықтаған. Мамандандырылған Әкімшілік сот қаулысымен келіншек жүргізуші құқығынан айырылды.
Түн ішінде қаладағы Сәтбаев – Пушкин көшелерінің қиылысында кәмелетке толмаған 17 жасар жасөспірім басқарған «Nissan Tiida» маркалы автокөлік тоқтатылды. Жүргізуші куәлігі жоқ жасөспірімнің көлікті мас күйінде жүргізген. Кәмелетке толмаған баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылып, әкімшілік сот оларға 27 780 теңге айыппұл салды. Сонымен қатар, ата-анасына қатысты ӘҚБтК-нің 442-бабы – «Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуы» бойынша хаттама рәсімделіп, ювеналды сотқа жіберілді.
Облыс полицейлері осы жылғы 11-қаңтардан бастап көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жаза күшейтілгенін еске салады. Мұндай заң бұзушыларды жол апатын жасамай-ақ, 15 тәулікке қамау жөнінде әкімшілік жаза тағайындалып, 7 жыл мерзімге жүргізушілік құқығынан айырылады. Ал қайталанған жағдайда, қамау мерзімі 20 тәулікке дейін, ал көлік құралдарын жүргізу құқығынан айыру 8 жылға дейін ұзартылатынын ескертеді.