Caspianlife, 14 қазан. Бүгін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысында биылғы жылдың тоғыз айындағы сауда саласының негізгі көрсеткіштерін таныстырды.
Министрдің айтуынша, есепті кезеңде сауда саласының нақты көлем индексі 108,8% болды. Сауда айналымының жалпы көлемі 52,8 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,5%-ға артқан.
«Өсім еліміздің барлық өңірінде байқалады. Сауда көлемінің артуына ең көп үлес қосқан – Алматы, Астана, Шымкент қалалары, сондай-ақ Атырау және Қарағанды облыстары. Осы бес өңірдің үлесіне жалпы сауда айналымының 71,3%, яғни 37,6 трлн теңге тиесілі», – деді министр.
Сала құрылымында 66,4% үлес көтерме саудаға тиесілі. Оның көлемі 35 трлн теңгеден асып, өткен жылмен салыстырғанда 9,6%-ға артқан. Негізгі өсім бейшикізаттық тұтыну тауарлары мен өндірістік-техникалық мақсаттағы тауарлар есебінен қамтамасыз етілді, олардың үлесі шамамен 82%.
Бөлшек сауда да тұрақты өсім көрсетіп отыр. Оның нақты көлем индексі 107,1%, ал айналым көлемі 17,5 трлн теңгені құрады — бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6 трлн теңгеге көп. Елеулі өсім азық-түлік емес тауарлар сатылымында (+1,7 трлн теңге) және азық-түлік тауарларында (+900 млрд теңге) байқалды.
Сауда кәсіпорындары арқылы өткізілген тауар көлемі 6,7%-ға артса, жеке кәсіпкерлер мен базарлар арқылы сатылған тауарлар жалпы айналымның 8,1%-ын құрады. Бөлшек сауда көлемі бойынша көшбасшылар үштігіне Алматы (32,8%), Астана (14%) және Қарағанды облысы (7,3%) енді.
Сонымен қатар, электронды сауда да бөлшек айналымның негізгі драйверлерінің бірі болып отыр. Министр келтірген жедел деректерге сәйкес, биылғы тоғыз айда онлайн-сатылым көлемі шамамен 2,7 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға артқан.
(Ақпарат ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметінен алынған)