Caspianlife, 22 қыркүйек. Бұл туралы бүгін Ақтауда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен кеңесте жария етілді.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңеске ИКОМОС-тың «Маңғыстау түбегінің жерасты мешіттері» ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу бойынша техникалық бағалау миссиясының өкілдері қатысты.
Мәжілісте Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес өңірдің бес жерасты мешітін – Бекет-ата, Қараман-ата, Шақпақ-ата, Шопан-ата және Сұлтан-епені халықаралық тізімге енгізу мәселесі талқыланды. Бұл ескерткіштер 2021 жылы ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген болатын. Осы бағытта Мәдениет және ақпарат министрлігінің жетекшілігімен ғылыми-жобалық құжаттама әзірленіп, Париждегі штаб-пәтерге жолданды. Сонымен қатар, қорғалатын аумақтар белгіленіп, ақпараттық тақталар орнатылды, фото және бейнематериалдар дайындалды.
Миссия құрамына халықаралық сарапшылар кірді. Олардың қатарында Бурса Улудаг университетінің профессоры, ИКОМОС сарапшысы Кывылджым Чоракбаш Фиген Балыкесир, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Дмитрий Воякин, «Қазреставрация» РМҚК бас директоры Олжас Шәриязданов және осы мекеменің сәулетшісі Ляззат Бейсембаева бар.
Кеңес барысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау – терең тарихы бар өлке екенін атап өтті. Мұнда жерасты мешіттері, көне некропольдер мен кесенелер орналасқан, олар айрықша сәулет ескерткіштері болып саналады. Сондай-ақ ол «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында осы ескерткіштерді қорғау бойынша кешенді жұмыстар жүргізілгенін еске салды. Соның нәтижесінде бес жерасты мешіті ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілді. Қазіргі уақытта қорғалатын аумақтар айқындалып, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.