Caspianlife, 5 қыркүйек. Қазақстан Республикасының Президенті мұнай-газ саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар еңбек ардагерлерін және сала мамандарын мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Қаулыға қол қойды.
«Құрмет» орденімен Атырау облысының еңбек ардагері Юрий Милехин, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс операторлық қызметтер көрсету басқармасының операторы Бисенбай Сарманов, сондай-ақ «Каспиймұнайгаз» ҰИЖИ» АҚ жобалардың бас инженері Валентина Ушакова марапатталды.
ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС операторы Нұржан Қадыров наградталды.
ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені «Каспий Құбыр Консорциумы-Қ» АҚ «Құрманғазы» мұнай айдау станциясының операторы Владимир Абрамчевке, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС машинисі Саламат Күншығаровқа, еңбек ардагері Қанат Меңдіғалиевке, «КҚК-Қ» АҚ «Атырау» мұнай айдау станциясының операторы Сергей Рожковқа, сондай-ақ «АМӨЗ» ЖШС операторы Сатыбалды Сапарғалиға табысталды.
Ал «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС жетекші инженер-механигі Тұрлан Жұбанышев пен «Ембімұнайгаз» АҚ «Жылыоймұнайгаз» басқармасының операторы Сәкен Сейітқали марапатталды.
Бұл марапаттар – елдің мұнай-газ саласындағы қажырлы еңбекті, адал қызметті және отандық өндірістің дамуына қосқан үлесті айрықша мойындаудың белгісі болып отыр.