Caspianlife, 2 қыркүйек. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен Асхат Раздықұлы Оралов Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Бұл туралы бүгін Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Баспасөз хабарламасында Асхат Оралов бұған дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарғаны нақтыланды.
Асхат Раздықұлы Оралов Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін және Ресей СІМ-інің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған, PhD дәрежесі бар.
Еңбек жолын 2011 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтік-тәрбие жұмысы департаментінде жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас маманы ретінде бастаған.
2013–2016 жж. – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің хаттама бөлімінің жетекші маманы.
2014–2016 жж. – «Нұр Отан» партиясының «Нұр» филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
2016–2018 жж. – Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.
2018 ж. қаңтар–тамыз – ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаментінің директоры.
2018–2019 жж. – ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары.
2019–2020 жж. – Павлодар облысы әкімінің орынбасары.
2020–2021 жж. – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі.
2021–2022 жж. – Астана қаласы әкімінің орынбасары.
2022–2023 жж. – «Nur Otan», «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы.
2023 ж. 4 қаңтар – Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі болып тағайындалды.
2024–2025 жж. – ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы.
Сондай-ақ облыс әкімдігінің баспасөз қызметі Ізбергенов Ербол Күреңтайұлы облыс өкімінің орынбасары лауазымына тағайындалғанын, басқа қызметке ауысуына байланысты Қаныбеков Асқар Сакенұлы облыс әкімінің орынбасары лауазымынан босатылғанын хабарлады.