CaspianLife, 28 тамыз. Кеше Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай облыстық білім беру қызметкерлерінің тамыз конференциясында осы жайында мәлімдеді.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрдәулет Қилыбай педагогтарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, өңір мектептеріндегі білім сапасын арттыруға бағытталған шараларға тоқталды.
— Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тамыз конференциясында білім сапасын көтеру мен мұғалім мәртебесін нығайту қажеттігін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ: «Мұғалім — ұлт шамшырағы». Бұл шамшырақ әрбір баланың жүрегіне жол тауып, оның болашағына бағыт көрсетуі тиіс. Қазір — білім мен ғылымның уақыты. Осы бағытта өңірде білім сапасын арттыруға арналған бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Біз мұнымен шектелмейміз: биылғы оқу жылынан бастап үш жыл ішінде кезең-кезеңімен арнайы оқытудан өткен елу мектеп директоры Сингапур, Қытай секілді цифрландыруы дамыған озық елдерге тәжірибе алмасуға жіберіледі. Бұдан бөлек, біз отыз мектеп оқушысын АҚШ-та білім алуға жіберуді жоспарлап отырмыз. Бұл бастамалар білім сапасын арттыруға, мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеруге және жастардың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруға ықпал етеді, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
(Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәліметі бойынша)