CaspianLife, 29 шілде. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына ресми сапары жалғасуда. Бүгін, ресми сапардың екінші күні, Қазақстан Президенті Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік марапаты – Devlet Nişanı орденімен марапатталды.
Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі хабарлады. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанға және бүкіл түрік халқына шынайы алғысын білдіріп, Түркия Республикасының ең жоғары марапатын алу – өзі үшін зор мәртебе екенін атап өтті.
– Мен отандық немесе шетелдік ордендер мен марапаттарды қабылдаудан бас тартып жүрдім. Алайда бүгінгі шешеңіздің маңызы ерекше. Бұл – қазақ-түрік ынтымақтастығы шежіресіндегі маңызды тарихи оқиға. Сіз ата-бабаларымыздың өсиеттеріне берік екеніңізді тағы бір дәлелдеп, екі халықтың басты байлығы – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын достық пен бауырластық байланысын нығайттыңыз. Бұл жоғары марапатты Түрік тарапынан бүкіл Қазақстан халқына көрсетілген терең құрметтің белгісі деп қабылдаймын. Бұл игі бастама – ортақ тамыр, дін мен дүниетанымға ие елдер арасындағы мызғымас достықтың символы. Сондай-ақ бұл екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға деген өзара ұмтылыстың көрінісі, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанды өңірлік және жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға, беделді әлемдік саясаткер деп атады.
– Сіз еліңіздің мүддесін қорғауға бағытталған көреген саясатыңыз бен тынымсыз еңбегіңіздің арқасында биік жетістіктерге жеттіңіз. Түркияның халықаралық аренадағы беделі, оның даму қарқыны – Сіздің еңбегіңіздің нәтижесі. Бүгінде еліңіз әлемнің жиырма жетекші экономикасының қатарында. Сарапшылар Түркияның болашағы жарқын деп есептейді және оның әлемдік рөлі арта береді деген пікірде. Мен Түркия Республикасы Сіздің басшылығыңызбен жаңа «алтын ғасырына» сенімді қадам басатынына кәміл сенемін. Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып таныған ел – Түркия. Бұл – тәуелсіз Қазақ халқының жадында мәңгі сақталатын тарихи шындық, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-түрік қатынастарын нығайтуға Режеп Тайып Ердоғанның қосқан жеке үлесін жоғары бағалады.
– Ортақ күш-жігеріміздің арқасында екіжақты ынтымақтастығымыз қарқынды дамып келеді. Біз сауда-экономика саласында айтарлықтай табыстарға қол жеткіздік. Қазіргі таңда Қазақстанда 4 мыңға жуық түрік компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз жыл сайын нығаюда. Бүгінде Түркияда 12 мыңнан астам қазақстандық студент білім алуда. Өткен жылы түрік еліне 800 мыңға жуық отандасым барды, ал биыл бұл көрсеткіш 1 миллионнан асады деп болжанып отыр. Біз халықаралық аренада да тығыз әріптестік орнаттық. Астана мен Анкара жаһандық орнықты даму және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінде ортақ ұстаным ұстанады. Әсіресе, Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы тиімді іс-қимылымызды атап өткім келеді. Бүгінде біз екіжақты серіктестікті одан әрі кеңейтуге және оны жаңа деңгейге көтеруге зор әлеует барын көріп отырмыз. Бүгінгі келіссөздердің нәтижесі – соның жарқын дәлелі, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің теңгерімді саясат жүргізіп, ауқымды әлеуметтік-экономикалық міндеттерді жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
– Соның арқасында біз айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз еттік. 2024 жылдың қорытындысы бойынша елдің ЖІӨ 5,1%-ға өссе, биылғы алғашқы жартыжылдықта 6,2%-ға ұлғайды. Осы жылы ЖІӨ көлемін 300 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін біз төрт бағытқа басымдық берудеміз: цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту, көлік-логистикалық әлеуетті күшейту, ауыл шаруашылығын жаңғырту, энергетика және өнеркәсіп саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске қосу. Аталған міндеттерді тиімді орындау үшін Астана Түркиямен ынтымақтастықты ерекше маңызды деп санайды, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Қазақстандағы ішкі жағдай тұрақты. «Заң және тәртіп» қағидатына негізделген саяси бағдар дәйекті түрде жүзеге асуда.
– Біз саяси реформаларды табысты іске асырып келеміз. Мемлекетіміз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын ұстанады. Қазір елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны жүргізілуде. Мұндағы тазалық – азамат санасы мен өмір сүру салтының жаңаруы. Еліміз жасыл болуы тиіс, халқымыз адал, ниеті таза болуы тиіс. Біз азаматтарымызды осы құндылықтарға ұмтылуға шақырамыз. Ішкі саясатымыздың түпкі мақсаты – «Әділетті Қазақстан» және «Естуші мемлекет» құру. Қазақстан – салмақты, көпвекторлы және теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп отырған ел. Біз көршілес елдермен достық және өзара түсіністік рухында қарым-қатынас орнаттық. Түркия – біздің дипломатиямызда ерекше орын алатын мемлекет. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалауды қолдаймыз және бұл мәселеде Түркиямен ортақ мүддеміз бар деп санаймыз. Осы орайда, Ресей мен Украина арасындағы жанжалды реттеуде Түркияның делдал ретіндегі рөлін атап өткім келеді. Сіздің бастамаларыңызды жоғары бағалаймыз және қолдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған екі ел арасындағы көпжақты серіктестікті нығайтудағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үлесін атап өтті.
– Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көреген басшылығының арқасында Қазақстан өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың орталығына айналды. Түркия бауырлас Қазақстанның жетістіктеріне шынайы қуануда. Сіздің елдің Түркі мемлекеттері ұйымының институционалдық дамуына қосқан үлесін де жоғары бағалаймыз. Сіз Түркия мен түрік халқының шынайы досы екеніңізді талай рет дәлелдедіңіз. Сондықтан Сізге Түркия Республикасының ең жоғары наградасын табыстау мен үшін үлкен құрмет. Бұл орден елдеріміз арасындағы берік достықтың символына айналатынына сенімдімін, – деді Түркия Президенті.
Салтанатты рәсімге түрік қоғам қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым, іскер топ өкілдері және 80-ге жуық дипломатиялық корпус мүшелері қатысты.