CaspianLife, 24 шілде. Кеше таңғы сағат 06:30 шамасында Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылында орналасқан жалпы білім беретін мектеп-гимназияның акт залында шатыр опырылып түсті. Оқиға салдарынан зардап шеккендер тіркелмеген.
Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ресми мәліметке сәйкес, опырылған шатырдың аумағы шамамен 250 шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта оқиға орнына арнайы мамандар жіберіліп, техникалық тексеру және сараптама жұмыстары жүргізілуде. Құзырлы органдардың қатысуымен арнайы комиссия құрылып, төтенше жағдайдың нақты себептері мен салдарын анықтау жұмыстары басталды.
«Айта кету керек, бұл мектеп 2009 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілген. Жобалық қуаттылығы — 1200 оқушы», — делінген хабарламада.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Избергенов оқиға орнына арнайы келіп, мектептің акт залына барып, жағдаймен жеке танысты.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 278-бабының 2-бөлігі — ғимараттарды, құрылыстарды немесе олардың бөліктерін пайдалануға қабылдау кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Қазіргі уақытта мектеп аумағына бөгде адамдардың кіруіне уақытша тыйым салынды. Алдағы жөндеу жұмыстары мен нақты шешімдер туралы ақпарат кейінірек ресми түрде хабарланатын болады», — делінген облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.