Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмыс топтары Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарындағы, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарындағы туристік нысандарды аралады.
13-16 шілде аралығында Ақмола облысындағы Щучинск-Бурабай және Зеренді курорттық аймақтары тексерілді. Барлығы 41 нысан – жағажайлар, қайық станциялары, демалыс аймақтары, аттракциондар және санитарлық тораптар қаралды. Сонымен қатар, осы жылы наурызда Үкімет бекіткен Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың кешенді жоспарының іске асырылу барысына баға берілді. Құжат логистика, цифрландыру, қоршаған ортаны қорғау және қызмет көрсету сапасын арттыру секілді 12 негізгі бағыт бойынша 118 іс-шараны қамтиды.
Осы кезеңде Маңғыстау облысына да инспекциялық сапар ұйымдастырылды. Ақтау, Жаңаөзен, Қарақия, Мұнайлы және Түпқараған аудандарындағы 33 демалыс базасы мен жағажай тексерілді. Нысандардың санитарлық жағдайы, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су қорғау аймақтарындағы нормалардың сақталуы қаралды.
«Талдау қорытындысы бойынша, Маңғыстау облысының әзірленіп жатқан даму Жол картасына коммуналдық жағажайлар мен жағалаудағы инфрақұрылымды дамыту бағыттарын енгізу ұсынылды», — делінген хабарламада.
Жергілікті атқарушы органдарға анықталған бұзушылықтарды жою, инфрақұрылымды жақсарту және қызмет көрсету стандарттарын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.