CaspianLife, 8 шілде. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Aтыраудың Eurasia Packing Materials компаниясы мен Қытайдың Sheniyang Tiantianyuan Materials Co. зауыты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, нәтижесінде тараптар Атырау қаласында желім таспа шығаратын зауытты бірлесіп салуға келісті. Жоспар бойынша биыл жобалау жұмыстары басталады, ал зауыт құрылысы келесі жылға жоспарланған.
Жобаның басты артықшылығы – шикізат ретінде Атырау мұнай-химия кластеріндегі кәсіпорындарда өндірілетін жергілікті компоненттердің қолданылуы. Бұл тұрақты шикізат базасын қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайтып, өнімнің жергілікті өндіріс деңгейін арттырады. Жобаны іске асыру аясында Атырау облысында жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдің индустриялық әлеуеті кеңейеді, бұл өз кезегінде Қазақстанның экспорттық мүмкіндігін арттырады.
Сапар барысында Атырау делегациясы үш бірдей ірі мұнай-химия кешенінің жұмысымен танысты:
– Huajin Aramco Petrochemical
– Bora Lyondell Bassell Petrochemical
– Hengli Petrochemical
Аталған зауыттарда шикізат өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі бүкіл өндіріс процесі бір алаңда шоғырланған. Өндірісте заманауи технологиялар мен автоматтандырылған жүйелер қолданылады.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов осындай тәжірибені өңірде енгізудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мұнай-химия өнімдерін терең өңдеу, өндіріс процестерін автоматтандыру және дайын өнімді өз жерімізде шығару – өңірдің индустриялық дамуының жаңа бағытына айналуы тиіс.