CaspianLife, 8 шілде. Әлеуметтік желілерде майда балықтардың видеосы тарады. Ресми органдардың мәліметінше, бұл бейнежазба Маңғыстау облысы Түпқараған ауданына қарасты Баутино және Аташ елді мекендерінің маңындағы Каспий теңізінің жағалауында түсірілген.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің хабарлауынша, видеода өлі күйінде жатқан майда балықтар — кефаль, табан, майшабақ және қаракөз шабақтары.
7 шілде күні әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында аталған бейнематериал анықталып, болжамды жағдай орнына дереу мынадай мамандар шықты:
– Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері (Балық шаруашылығы комитеті),
– Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің мамандары,
– жергілікті атқарушы орган (әкімдік) өкілдері,
– Маңғыстау облысы бойынша республикалық акваөсіру және балық шаруашылығы қауымдастығының өкілі.
Оқиға орнында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде шабақтардың жағалауға шығып қалуына себеп болған жағдай – солтүстік-батыстан соққан қатты жел болуы мүмкін деген болжам айтылды.
Экология департаменті мамандары су құрамына талдау жасау үшін сынамалар алды. Алайда балықтар қатты шіріп кеткендіктен, олардың өзінен сынама алу мүмкін болмаған.
Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы орган өкілдері санитарлық талаптарды сақтай отырып, жағалаудан табылған өлі шабақтарды жинап, жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Жағалаудан барлығы 40 шақты шабақ жиналды. Алдын ала болжам бойынша, олардың қырылуына судың температурасының күрт көтерілуі және соның салдарынан суда еріген оттегінің азаюы себеп болуы мүмкін», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Каспий теңізі жағалауына мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай Жайық–Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бақылауында.
(Сурет: ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитеті)