CaspianLife, 26 маусым. Іс-шараны ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырды.
«XXI ғасырдың цифрлық триггерлері» форумына мемлекеттік қызметшілер (білім беру, медицина және өзге де салалар өкілдері), құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қоғам белсенділері, жоғары оқу орындарының студенттері, облыстық мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері мен блогерлер қатысты. Форум қатысушыларына құттықтау сөз сөйлеген Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Нұрлан Каримов елімізде жыл сайын мыңдаған азамат қаржылық пирамидалардың құрбанына айналатынын еске салды.
Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларын анықтап, жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Форумда 2025 жылдың басынан бері республика бойынша келесі нәтижелер айтылды:
— жалған инвестициялық жобалар туралы ақпарат таратқан 7 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталды;
— Instagram мен Telegram желілеріндегі жалпы саны 276 мың қатысушысы бар 43 құқыққа қайшы чат жабылды;
— 86 мыңнан астам азамат тартылған 36 қаржылық пирамида жойылды;
— 19 қаржылық пирамидаға қатысты 46 сотқа дейінгі тергеу аяқталды;
— 12,5 млрд теңге сомасындағы шығынды өтеу үшін мүлікке тыйым салынды.
Сондай-ақ, 2021 жылдан бастап елімізде 100-ден астам қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылып, 227 ұйымдастырушы нақты мерзімге бас бостандығынан айырылғаны атап өтілді.
Форум барысында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің кафедра меңгерушісі Зита Кенжегалиева «Қаржы пирамидасы — байлыққа жол ма, әлде күйреу ме?» атты презентация жасап, қаржы пирамидасының жұмыс істеу принциптерін түсіндірді. Форум қатысушылары келесі маңызды сұрақтар бойынша ақпарат алды:
— қаржы пирамидасын қалай анықтауға болады?
— жарнама арқылы алаяқтар блогерлер мен танымал тұлғаларды қалай тартады?
— қаржылық пирамидалар қалайша инвестициялық жоба, желілік маркетинг, тұтыну кооперативі, криптобизнес секілді заңды стартаптар кейпіне ене алады?
— қаржы пирамидасының жиі қолданатын бүркемесі — желілік маркетинг жайлы.
Форум барысында қатысушылар экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен құқық қорғау органдарының өкілдеріне сұрақтар қойып, негізгі тақырып бойынша пікір алмасты.