CaspianLife, 17 маусым. Аймақта шығармашылық және спорттық үйірмелерге балаларды қабылдау процесі жаңа ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысы Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Алмас Көпжанов мәлімдеді.
– Қазіргі уақытта мемлекет балалардың қосымша білім беру ұйымдарына баруын қамтамасыз ету мақсатында ваучерлік қаржыландыру жүйесін жетілдіруде. Осы бағытта жаңа ақпараттық жүйе – Lira платформасы іске қосылды. Бұдан былай ваучерге кезекке тұру, үйірме немесе секцияны таңдау, сондай-ақ сабаққа қатысуды растау шаралары осы жүйе арқылы жүзеге асады, – деді басқарма басшысы.
Жаңа жүйе балалардың қосымша білім алу мүмкіндігін әділ және ашық негізде қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар «Бір бала – бір ваучер» қағидасының сақталуын қамтамасыз ету үшін өтініш беру мен қабылдау процесі цифрлық бақылауға алынды.
Бүгінде облыста 38 мыңнан астам бала тегін үйірмелер мен секцияларға қатысады. Дегенмен бұл жүйеде шешілмеген бірқатар мәселе бар.
Бұрын бірнеше бағытта өтініш берген балалардың бір мезетте бірнеше ұйымнан ваучер алған жағдайлары кездескен. Жаңа жүйе бұл олқылықтарды болдырмауға мүмкіндік береді. Оған қоса ата-аналарға түсінікті болу үшін бейненұсқаулықтар мен ақпараттық материалдар дайындалды. Жүйеде тіркеу, деректерді жаңарту және өтініш беру процесін жеңілдетуге баса мән берілуде.
Жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін Атырау облысының Цифрландыру және архивтер басқармасы жаңа ақпараттық жүйені енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде. Ата-аналарға көшу процесін жеңілдету үшін анықтамалық материалдар мен бейненұсқаулықтар әзірленді. Осы материалдармен облыс әкімдігі мен басқарманың ресми интернет-ресурсында танысуға болады. Бұдан былай ваучерге кезекке қою, секция/үйірмелер мен қабылдауды таңдау, ата-аналар (заңды өкілдер) тарапынан қатысу табелін ай сайын растау Lira ақпараттық жүйесінде жүзеге асырылмақ:
https://lira-atyrau.e-orda.kz/ru
Спикер ата-аналарды жүйедегі өз баласының жағдайын тексеріп, артық өтініштерді уақытында жоюға шақырды. Бұл жұмыстар 23 шілдеге дейін аяқталуы тиіс. Сонымен қатар балалардың сабаққа тұрақты қатысуы мен ата-аналар тарапынан ай сайын табельді растау қажеттігі ескертілді. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда ваучердің күші жойылады.