CaspianLife, 12 маусым. Заңның мақсаты – аквашаруашылықты тұрақты дамытуға қол жеткізу, жаңа өндірістер құру және қолданыстағыларын кеңейту арқылы бәсекеге қабілетті аквамәдениет нысандарын өсіру көлемін арттыру, сондай-ақ олардың адам өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Мемлекет басшысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекет тарапынан жаңа өндірістерді құру мен қолданыстағыларын кеңейтуге жәрдем көрсету мақсатында заң арқылы инвестициялық жобаларға ғылыми сүйемелдеу енгізілген. Бұл бизнеске ақпараттық-талдамалық және ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетуді бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыруды көздейді.
Сондай-ақ, заңда мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары қарастырылған: субсидиялау, жеңілдетілген несие беру, сақтандыру, салықтық преференциялар, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және басқалар.
Заң аквамәдениет субъектілері жүзеге асыратын қызмет түрлерін, сондай-ақ осындай қызметті жүргізуге арналған балық шаруашылығы су айдындары мен учаскелерін (халықаралық, республикалық және жергілікті) нақты шектеп көрсетеді.
«Құжатта балық шаруашылығы су айдындарын ұтымды пайдалану қағидасы негіз ретінде алынып, су биологиялық ресурстары мен олардың мекендеу ортасына зиян келтіруге жол бермеу көзделген», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, аквашаруашылық саласында мемлекеттік бақылау енгізілді. Ол жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы бақылаудың бір бөлігі ретінде жүзеге асырылады. Заң мәтіні баспасөзде жарияланады.