CaspianLife, 28 мамыр. Магистральды мұнай құбырының ұлттық операторы – «ҚазТрансОйл» АҚ және «Солтүстік-Батыс Құбыр Компаниясы «МұнайТас» ЖШС «Кеңқияқ – Атырау» магистральды мұнай құбыры арқылы Қазақстанның ішкі нарығына мұнай тасымалдау бойынша реттелетін қызметке арналған жаңа тарифтің бекітілгенін хабарлайды.
«ҚазТрансОйл» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің 2025 жылғы 23 мамырдағы № 40-ОД бұйрығына сәйкес, тариф келесідей мөлшерде бекітілді:
-
01.07.2025–30.06.2026 аралығы – 1 тонна үшін 1 000 км-ге 11 193 теңге (ҚҚС-сыз);
-
01.07.2026–30.06.2027 аралығы – 11 233 теңге;
-
01.07.2027–30.06.2028 аралығы – 11 259 теңге;
-
01.07.2028–30.06.2029 аралығы – 11 286 теңге;
-
01.07.2029–30.06.2030 аралығы – 11 293 теңге.
Аталған тариф 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне еніп, бес жыл мерзімге қолданылады.
«Айта кету керек, бұл бағыттағы тариф 2012 жылдан бері қайта қаралмаған. Жаңа тарифтің бекітілуі – ішкі нарыққа мұнай айдау қызметтеріне арналған «Инвестицияға айырбас ретінде тариф» қағидаты негізінде ынталандырушы тариф қалыптастыру әдісінің енгізілуінің нәтижесі», – делінген хабарламада.
«ҚазТрансОйл» АҚ ішкі және сыртқы нарықта мұнайды сенімді әрі тиімді тасымалдауды қамтамасыз етуге бағытталған тарифтік саясатты жетілдіру бойынша жұмысын жалғастырады.
Анықтама: «Солтүстік-Батыс Құбыр Компаниясы «МұнайТас» ЖШС – «ҚазТрансОйл» АҚ (51%) және CNPC Exploration and Development Company Ltd (49%) арасындағы бірлескен кәсіпорын.