Caspian Life, 14 мамыр. Атырауда мұнай-газ саласындағы студенттерге арналған Қазақстандағы алғашқы оқу-өндірістік полигонның құрылысы басталды. Бұл жоба Сәфи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен «Ембімұнайгаз» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Полигон геологиялық барлаудан бастап мұнай өнімдерін қайта өңдеуге дейінгі өндірістік процестердің толық циклін қамтитын бірегей алаңға айналады. 4 гектар аумақта заманауи зертханалар, оқу-өндірістік алаңдар және инновациялық шешімдерді сынауға арналған тәжірибелік құрылғылар орналасатын болады.
Оқу полигоны келесі оқу жылында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл — қазақстандық жоғары оқу орындары арасында алғашқы жоба. Ол студенттер мен оқытушыларға заманауи технологияларды қолданып, нақты өндірістік міндеттерді орындауға мүмкіндік береді.
Университет ректоры Гүлзада Шакуликова құрылыс алаңында капсула салынғанын айтып, бұл – инновация мен болашаққа деген ұмтылыстың символы екенін атап өтті.