CaspianLife, 25 сәуір. «Caspi Bitum» бірлескен кәсіпорны (ҚМГ ҰК АҚ-ның еншілес ұйымы) зауытында Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан жаңғырту жобасы аясында маңызды нәтижеге қол жеткізілді.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңартылған өндірістік қуаттылықтардың дайын екендігін растайтын сапа паспортына ие алғашқы 740 тонна жол битумы өндірілді.
Жаңғырту жобасы мұнайды бастапқы өңдеу бойынша негізгі қондырғы – ЭЛОУ-АВТ-ны жаңартуға бағытталған. Бұл аясында қуаттылықты жылына 1,5 млн тонна мұнай өңдеуге жеткізу үшін негізгі технологиялық жабдықтар ауыстырылып, жаңалары орнатылды.
Маңызды кезеңдердің бірі – биіктігі шамамен 40 метр және салмағы 140 тонна болатын жаңа Т-1102 вакуумды бағанасын наурыз айында күрделі монтаждау болды. Жаңа бағана мазутты тереңірек өңдеуге және жол битумын өндіруге арналған негізгі шикізат – жоғары сапалы гудрон алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте су сақиналы вакуум жасайтын жаңа жүйе сияқты заманауи технологиялар қолданылады. Сонымен қатар, вакуумдық бағанамен қатар қондырғының атмосфералық бөлігі, технологиялық пештер, жылуалмастырғыш және сорғы жабдықтары, автоматтандыру және бақылау жүйелері де жаңартылды.
2024 жылғы қарашада басталған құрылыс-монтаж жұмыстары бас мердігер CITIC Construction компаниясымен жүргізілді. 220-дан астам адамды жұмылдыра отырып, тәулік бойы ұйымдастырылған тиімді жұмыс нәтижесінде жоба белгіленген мерзімнен бір ай бұрын аяқталды. Капиталдық инвестиция көлемі – 76 миллион доллар. Caspi Bitum зауытының ресми іске қосылуы және жобалық қуаттылыққа шығуы 2025 жылдың мамыр айының басына жоспарланған.
«Бұл жоба Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Жол битумын өндіру көлемінің жылына 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін артуы еліміздегі қарқынды жол құрылысының сұранысын қамтамасыз етеді», – делінген хабарламада.