Маңғыстау облысының полицейлері сауналарда оңтүстік өңірлер мен Өзбекстанның 21–42 жас аралығындағы 16 тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қыздардың жеке басын анықтау үшін оларды Жаңаөзен қалалық Полиция басқармасына жеткізілді. Рейдтік іс-шараларды өткізу барысында Маңғыстау облысы ПД криминалдық полиция қызметкерлері ЖҚАЖ қызметкерлерімен бірлесіп Жаңаөзен қаласында карантиндік режимді бұзу фактілерін анықтады. 5-тамыз күні шамамен сағат 23.20-да вокзалдың жанында карантин режимінің шектеулі шараларына қарамастан жұмыс істеген сауна анықталды. Полицейлер сол жерде әкімші мен жеті қызды ұстады.
Біраз уақыттан кейін сағат 23.40 шамасында Шаңырақ шағынауданындағы саунаның әкімшісі мен тағы алты қыз ұсталды. Түнгі сағат екі шамасында Астана шағынауданында орналасқан саунадан да заңсыз жұмыс істеген әкімші мен жеңіл жүрісті үш қыз анықталды. Полицейлердің айтуынша, тексеру барысында қыздар моншаға келушілерге интимдік қызмет көрсеткен.
Жанарбек БАҚТЫБАЕВ, Полиция департаментінің бастығы:
– Жеткізілген барлық қыздар жезөкшелік санатына есепке қойылды. Ұсталғандарға ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырылды. Олар бойынша материалдар Маңғыстау облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментіне жіберілді.