CaspianLife, 18 сәуір. Бұл туралы «Силлено» ЖШС өкілдерінің Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттерімен кездесуінде айтылды.
«Каспиймұнайгаз» ғылыми-зерттеу және жобалау институтының (ҒЗЖИ) қолдауымен ұйымдастырылған кездесуде полиэтилен өндірісі мен оның қолданылу салалары сөз болды. Айта кетейік, «Силлено» ЖШС Атырау облысында полиэтилен өндіру жобасының операторы болып табылады. Жуырда Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында болашақ полиэтилен зауытының іргетасына алғашқы қадалар қағылған болатын.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен кездесуде «Силлено» ЖШС мен «Каспиймұнайгаз» ҒЗЖИ мамандары студенттерге жаңа зауыт, ондағы мансаптық өсу мүмкіндіктері, кәсіби дағдыларды жетілдіру және жұмыс беруші тараптың күтілімдері туралы айтып берді. Кездесу барысында студенттерге зауыт жөнінде таныстыру ақпараты ұсынылып, кейін сұрақтарын қоюға мүмкіндік берілді. Жастар зауыттың жоспары, болашақ өнім түрлері, дайын өнімнің нарықтағы орны мен бағасы туралы сұрады. Сондай-ақ, өндірістің экологиялық аспектілері де қызығушылық тудырды. Барлық сұрақтарға жан-жақты жауап берілді.
Кездесу соңында зауыт мамандары студенттерге оқу мен өндірістік тәжірибеге, сондай-ақ өзін-өзі дамытуға көбірек көңіл бөлуге кеңес берді. Мысалы, кездесуге қатысқан зауыттың бас инженер-экологы Нұржан Нұрмұханов – осы университеттің түлегі. Ол АҚШ, Қытай немесе Жапония сияқты елдерде барлық жоғары технологиялар университеттерде, институттар мен зертханаларда бастау алатынын айтты. Онда шағын жобалар пилоттық жобаға, ал олар өз кезегінде өндірістік әрі коммерциялық жобаларға айналады.
«Бұл стартаптарды тек сіздер сияқты жас, жігерлі және креативті жастар жүзеге асыруы тиіс. Бәрі өз қолдарыңызда! Болашақты ойлаңыздар, университет қабырғасында болсын, онлайн болсын, өз беттеріңізше ізденіңіздер», — деді Нұржан Нұрмұханов.