CaspianLife, 16 сәуір. Атырау облысы әкімі Серік Шәпкенов бастаған атыраулық делегация құрамымен Атырау облыстық мәслихатының төрағасы Мұса Хайруллиев, облыстық мәслихат депутаты Арман Хайруллин Ресей Федерациясының Астрахань облысына барды.
Атырау облыстық мәслихаты баспасөзінің хабарлауынша, ресми сапарда Атырау және Астрахань облыстары арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2025-2027 жылдарға арналған үш жылдық жоспары бекітілді. Екі ел арасындағы экономика, көлік және логистика, білім, мәдениет, туризм және гуманитарлық байланыс бағыттары қамтылған жоспарға облыс басшылары қол қойды.
Сондай-ақ сапар аясында «Жолдастық» қазақ мәдениеті қоғамдық ұйымының белсенділерімен кездесуге, Астрахань шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау қорында инвестициялық әріптестікті дамытуға бағытталған жиынға қатысып, «Лотос» арнайы экономикалық аумағына кіретін кәсіпорындарды аралады.
(Сурет: Атырау облыстық мәслихаты)