CaspianLife, 15 сәуір. Атырау қаласының әкімдігі кезінде өзі бөліп берген жер телімін кәсіпкерден қайтаруды талап етуде.
Бұл туралы CaspianLife редакциясына Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Әсел Тұяқбаева хабарлады. Оның айтуынша, «АТЦ – галерея» ЖШС-нің мәселесі Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысында қаралған.
ЖШС-нің заңгерінің айтуынша, 2021 жылы оларға әкімдік өкілдері Атырау қаласында «McDonald’s» мейрамханасын салуды сұрап келген. Тараптар өзара меморандумға қол қойған, оның аясында әкімдік жер телімін беруге, ал серіктестік мейрамхана салудан бөлек, қала үшін екі инватакси алып беруге міндеттенген. Екі жылдан кейін жоба сәтті іске асқан.
«Қазіргі таңда біз Атырау қаласы әкімдігі тарапынан мейрамхана орналасқан жер теліміне қатысты сатып алу-сату келісімшартын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап арыз берген жағдаймен бетпе-бет келдік. Олар прокуратура мен жер қатынастары басқармасының хаттарына сілтеме жасауда. Бірінші сатыдағы сот әкімдіктің талабын қанағаттандырды. Егер бұл келісім жарамсыз деп танылса, біз тек жер телімін емес, сонымен бірге мейрамхананы да қайтаруға мәжбүр боламыз. Бұл – біздің қызметімізді тоқтату, 70-тен астам қызметкерді жұмыстан босату және 1 млрд теңгеден астам инвестициямыздан айырылу деген сөз. Сондықтан біз бұл мәселені жоғары сотқа жүгінбей, медиация жолымен шешу үшін Кәсіпкерлер палатасына жүгіндік», – деді «АТЦ – галерея» ЖШС заңгері Наталья Сон.
Кеңес барысында бұл жер телімі серіктестікке «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) арқылы берілгені айтылды.
«Жер телімі инвестициялық жоба ретінде комиссия шешімімен аукционсыз берілген, сол кездегі қолданыстағы ережелерге сай. Біз сот шешімімен келіспейміз, оны біржақты деп есептейміз. Себебі онда бұл жер тек мейрамхана үшін берілген деп көрсетілген. Ал шын мәнінде мұнда өз өндірісіміз де бар, мысалы, наубайхана. Біз мәселені медиация арқылы шешкіміз келеді, егер олай болмаса, апелляция береміз», – деді «Атырау» ӘКК департаментінің директоры Қуаныш Өмбетов.
Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының өкілдері 2022 жылы облыстық жер қатынастары басқармасы әкімдік тарапынан ӘКК-ге жер телімдерін беру кезінде заң талаптарының сақталуын тексергенін айтты. Тексеру нәтижесінде Атырау қаласы әкімдігіне заң бұзушылықтарды жою жөнінде ұсыныс берілген. Ұсыныста әкімдік жерді уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен 5 жылға бергені, бұл шешімнің 18, 37, 44-1-баптарға негізделгені көрсетілген. Алайда жер учаскелері 48-бап талаптарына сәйкес берілуі тиіс болған. Сонымен қатар, бұл жобалар кадастрлық істе тіркелмеген әрі тексеру кезінде ұсынылмаған.
Осыған байланысты Атырау қаласының прокуратурасы жер учаскесін мемлекет меншігіне сотқа дейінгі тәртіппен қайтару мәселесін қарастыру туралы әкімдікке хат жолдаған. Бұған жауап ретінде Атырау қаласының әкімдігі СПК мен «АТЦ – галерея» ЖШС арасындағы жер сату келісімін жарамсыз деп тану туралы экономикалық сотқа жүгінді.
Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысындағы өкілі, өңірлік Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев бұл жағдайда кәсіпкер кінәлі еместігін айтты. Оның айтуынша, бизнес субъектісі өз міндеттемелерін толық орындап, жоба іске асырылып, жаңа жұмыс орындары құрылып, салықтар төленіп жатыр.
«Жоба жүзеге асырылғаннан кейін екі жылдан соң, әкімдік жердің заңсыз берілгенін айтып отыр. Кәсіпкердің бұл жерде не кінәсі бар? Ол миллиардтаған теңгесін жұмсап, енді алты миллиард теңге шығынға батып, жұмысын тоқтатпақ. Ал 70-тен астам адам жұмыссыз қалмақ. Біз құқықтық сараптама жүргізіп, атқарушы органдардың пікірін алдық. 2024 жылы жер телімдерін беру кезінде жобаның инвестициялық сипатын анықтау ережелеріне өзгерістер енгізілді, және бұл жоба сол талаптарға сай келеді. Егер әкімдік бұл жер телімін қайтарғысы келсе, болашақта оны не мақсатта пайдаланатыны белгісіз. Бұл жер тек кәсіпкерлік мақсатқа ғана жарамды. Бар нысанды бұзудың не қажеті бар? Біздің ұсынысымыз – бұл нысанды заңдастырып, кәсіпкерге тыныштық беру», – деді Палата өкілі.
Жиын қорытындысында Сәрсенбай Жолдыбаев Палата тарапынан әкімдікке бұл мәселені медиация жолымен шешу жөнінде ұсыныс берілетінін, егер келісімге келмесе, бизнес мүддесін сотта қорғайтынын мәлімдеді.
(Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша)