CaspianLife, 9 сәуір. Атырау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі «Атырау» футбол клубының мемлекеттік меншікке қайтарылғанын хабарлады.
Баспасөз мәлімдемесінде клубты басқаруда ашықтықты қамтамасыз ету және тиімділікті арттыру мақсатында облыстық прокуратураның ұсынысына сәйкес осындай шешім қабылданғаны атап өтілген. Сонымен қатар, 2018 жылдың ақпан айынан бастап «Атырау» футбол клубы «Атырау» кәсіби спорт клубы» қоғамдық қорының сенімді басқаруында болғаны көрсетілген. Алайда бұл жылдар ішінде клубтың жұмысында жүйелі мәселелер байқалған – құрылтайшылар мен басшылықтың жиі ауысуы, тұрақты спорттық нәтижелердің болмауы, сондай-ақ қаржылық-шаруашылық қызметтегі ашықтықтың жеткіліксіздігі.
«Легионерлер санының артуы, сенімді есептіліктің және ашық бюджеттің болмауы клубты мемлекеттік басқаруға қайтару туралы шешім қабылдауға әсер еткен факторлардың бірі болды. Бұл бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалауды күшейтуге және өңірдегі футбол инфрақұрылымын дамыту мен кадрлық әлеуетке назар аударуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта клубтың қызметін кезең-кезеңімен реформалау жоспарлануда. Реформа ашықтықты қамтамасыз етуге, тұрақты басқаруға, жастар мен балалар футболын дамытуға, сондай-ақ спорттық өсудің тұрақты стратегиясын қалыптастыруға бағытталмақ», – делінген облыстық спорт басқармасының хабарламасында.