CaspianLife, 31 қаңтар. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Антикор) ресми өкілі өткен брифингте мәлімдеді.
Антикордың ресми өкілі Данияр Бегайдаровтың айтуынша, 2024 жылы ел бойынша спортты қаржыландыру саласында жүргізілген сыртқы талдау нәтижесінде спорттың дамуына теріс әсер ететін сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған.
Атап айтқанда, 278 адамның жалған дипломмен спорттық және жаттықтырушылық қызмет атқарғаны белгілі болды. Олардың ішінде:
- 9-ы – басшылық лауазымда,
- 248-і – жаттықтырушы,
- 21-і – басқа қызметкерлер.
Жалған дипломдар ең көп анықталған өңірлер:
- Түркістан облысы – 44 факт
- Атырау облысы – 30 факт
- Алматы облысы – 26 факт
- Жамбыл облысы – 22 факт
- Ақмола облысы – 20 факт
Мысалы, Астана қаласында Олимпиада резервінің балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бір басшысы жоғары білім туралы жалған дипломмен жұмыс істеген. Ол оқып жүрген кезінде басқа спорт ұйымында нұсқаушы болып қатар еңбек еткені анықталды.
Маңғыстау облысында да облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары жалған дипломмен жұмыс істеген.
Барлық анықталған фактілер бойынша материалдар ішкі істер органдарына тапсырылып, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Қабылданған шаралар аясында 250 адамның еңбек шарты бұзылды. Қалғандары бойынша тергеу нәтижелері шыққаннан кейін шешім қабылданады.
Дереккөз: www.caspianlife.kz
Көрнекі сурет: редакция мұрағатынан