Caspianlife, 13 қаңтар. Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) автокөлік бензинін айдауға арналған жер асты құбырының ақаулы бөлігі толық қалпына келтіріліп, отынның төгілуі жойылды.
Бұл туралы бүгін Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі хабарлады. Бұған дейін хабарланғандай, өткен жұмада, 10 қаңтарда, АМӨЗ аумағында тауарлық автокөлік бензинінің компоненттерін 33-ші резервуар паркіне айдау желісінде зақымдану анықталған болатын. Жауапты қызметтер құбырды резервуардан ажырату шараларын қабылдады. Төгілген мұнай өнімінің барлығы сорылып, қайта өңдеуге жіберілді.
«Оқиғаның себептері мен қабылданған шаралар туралы қосымша ақпарат арнайы комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін беріледі», — деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, зауыттың қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатқаны айтылды. Негізгі мұнай өнімдерін өндіру және тиеу Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі бекіткен жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда.
CaspianLife редакциясынан қосымша: 10 қаңтарда зауыттың өкілдерімен кездесуде «АМӨЗ» ЖШС өндіріс бойынша бас директордың міндетін атқарушы – бас инженер Нұрлан Ещанов оқиға кезінде… «төгілу көлемі шамамен 20-30 тоннаны құрағанын» (бейнежазбада) мәлімдеді.
(Сурет АМӨЗ баспасөз қызметі)